ДӘСТҮРЛІ ШОПАНДАР ТОЙЫ 1

«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» Ұлытау ауданына қарасты Мибұлақ ауылында дәстүрлі Шопандар тойы өтті...
Шопандар тойы — қазақ халқының мал шаруашылығындағы маңызды кәсіп иесі — қойшылардың мерекесі. Бұл той шопандар еңбегін лайықты бағалап, олардың қоғамдағы рөлін дәріптеу мақсатында қолға алынады. Ата кәсіптегі – ата дәстүрді жаңғыртып жүрген Жетіқоңырлық шаруалардың дала төсіндегі тойына Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек пен ауыл басшылығы арнайы қатысты.
Биылғы тойдың жауапкершілігі ауылға қарасты төртінші фермаға жүктелген. Мерекелік шарада еңбек адамдары төрге озып, түрлі дәрежедегі марапаттар табыс етілді.
Той бағдарламасы аясында: арқан тартыс, таяқ тарту, күрес, аударыспақ, тай, құнан, аламан бәйге сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар берілді.
Жайлаулары төлге, қамбалары дәнге толы шаруалар – елдің игілігі үшін еңбек ете беруге дайынбыз дейді. Қазақтың қазақтығы да, ғажап күні да осы дархан даладағы - ауыл аспанында!
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


