Жаңалықтар

ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ 1

ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ   1

Сәтбаев қаласында «Құндылыққа негізделген білім: сапа, сабақтастық және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында облыстық тамыз кеңесі өтті. Жиында білім сапасын арттыру, заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу және педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайту мәселелері талқыланды. Дәстүрлі кеңесге облыс әкімі Есет Байкен мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі Жайық Шарабасов арнайы қатысты.

Кеңес жұмысы «EdTech & Digital Ulytau» инновациялық көрмесінен басталды. Мұнда білім беру саласына енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер мен жаңа жобалар таныстырылып, олардың оқу үдерісіндегі тиімділігі көрсетілді.

Цифрлық мүмкіндіктерді меңгеру оқушылар үшін білімді тәжірибе арқылы игеруге жол ашып отыр. Көрмеде заманауи технологиялардың жас ұрпаққа берер мүмкіндігі туралы оқушылардың өздері де ой бөлісті.

Кеңестің негізгі бөлімі пленарлық отырыспен жалғасты. Өңір басшысы Есет Байкен білім беру саласына мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқанын айтып, Ұлытаудағы инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. Соның бірі -«Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ашылған «Ұлытау» техникалық университеті. Бұдан бөлек биыл Жезқазғанда 1 мың орындық BINOM мектебі мен әрқайсысы 400 орындық «Білім-инновация» лицейлерінің құрылысы басталады.

Білім беру инфрақұрылымын жаңарту мұнымен шектелмейді. Сәтбаев қаласы, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы ескі мектептер кезең-кезеңімен жаңғыртылмақ. Сонымен қатар кеңесте білім саласындағы жаңа бастамалар мен пилоттық жобалар таныстырылып, жасанды интеллектіні пайдалану жолдары талқыланды.

Кеңестің тағы бір маңызды бөлігі – ұстаз еңбегін ұлықтауға арналды. Өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруге елеулі үлес қосқан педагогтер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» атындағы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегерлері бар.

Осылайша, дәстүрлі тамыз кеңесінде жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалып, білім сапасын арттыру, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және педагог мәртебесін нығайту бағыттары белгіленді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты