ДЕКЛАРАЦИЯ ТАПСЫРУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

2026 жылы жалпыға бірдей декларациялау аясында бірқатар азаматтар 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларация тапсыруы тиіс. Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті декларация ұсыну тәртібі, міндетті тұлғалар мен мерзімдерге қатысты маңызды талаптарды түсіндірді.
250.00 нысаны - активтер мен міндеттемелер туралы декларация. Ол жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне алғаш рет кіретін азаматтар үшін бір рет тапсырылады. Құжатта өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша шетелдегі мүлік, банктердегі қаражат, бағалы қағаздар, цифрлық активтер және өзге де активтер көрсетіледі.Ал 270.00 нысаны - кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларация. Онда есепті жыл ішінде алынған табыс пен жаңадан сатып алынған мүлік қана көрсетіледі. Бұған дейін 250.00 нысанында көрсетілген активтерді қайта енгізу талап етілмейді.
Айта кетейік, декларацияны мемлекеттік қызметшілер, сайланбалы лауазымдарға кандидаттар, шетелде мүлкі бар азаматтар және заңда көзделген өзге де санаттағы тұлғалар тапсырады. Ал шетелде активтері жоқ зейнеткерлер, студенттер, жеке сектор қызметкерлері мен декларация тапсыруға қосымша негізі жоқ жеке кәсіпкерлер бұл міндеттен босатылады. Мамандар декларацияны уақытылы әрі дұрыс тапсыруға шақырады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


