ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕ

Елімізде денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта медициналық және фармацевтикалық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары жаңартылып, цифрлық ақпараттық жүйені қолдану міндетті талаптардың біріне енгізілмек. Осы өзгерістерді түсіндіру мақсатында Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында медицина саласы өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Жаңа талаптар медициналық қызметтің сапасын арттырып, пациенттерге көрсетілетін көмектің тиімділігін күшейтуге бағытталған. Кездесуде жаңартылған талаптардың мазмұны, оларды енгізу тәртібі және медициналық ұйымдардың алдағы міндеттері кеңінен түсіндірілді.
«Жаңа талаптардың бірі - медициналық ұйымдарда цифрлық ақпараттық жүйенің міндетті түрде болуы. Бұл жүйе пациенттердің медициналық деректерін жинауға, өңдеуге және қауіпсіз сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрігерлер барлық медициналық жазбаны электронды түрде жүргізіп, қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізе алады»
— Гүлмира Бекзатова, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы
Жиын барысында жаңа талаптарды кезең-кезеңімен енгізу, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың негізгі бағыттары және оның медициналық әрі фармацевтикалық ұйымдардың жұмысына әсері талқыланды. Сондай-ақ мамандар кәсіпкерлердің сауалдарына жауап беріп, бұл өзгерістердің басты мақсаты медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, құжат айналымын жеңілдету және денсаулық сақтау саласында бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыру екенін атап өтті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


