Жаңалықтар

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС КҮНІ

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС КҮНІ

Жыл сайын 1 наурызда елімізде Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні аталып өтіледі. Маңызы зор дата төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейтуге бағытталған. Бұл күні азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, шұғыл әрекет ету жүйесін жетілдіру және қауіп-қатердің алдын алу шаралары басты назарға алынады.

Мерекеге орай Ұлытау облысының төтенше жағдайлар департаменті арнайы техника мен құтқару жабдықтарының көрмесін өткізді. Танымдық шараға студенттер мен мектеп оқушыларынан бөлек, өңір тұрғындары белсене қатысты.Көрме барысында заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары, арнайы автокөліктер мен кәсіби құрал-жабдықтар көпшілік назарына ұсынылды. Сала мамандары техникалардың мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі таныстырып, олардың жұмыс істеу тәртібін іс жүзінде көрсетті.

«Осы мереке аясында Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс айлығын жариялады. Айлық барысында білім беру ұйымдарында және түрлі мекемелерде оқу-жаттығулар, эвакуациялық жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар дәрістер мен ашық сабақтар ұйымдастырылып, азаматтарға қауіпсіздік шаралары, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету тәсілдері, төтенше жағдайда өзара көмек пен өзін-өзі қорғау жолдары түсіндіріледі»

— Еркін Жанабаев, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы

Шара құтқару қызметтері мен тұрғындар арасындағы өзара байланыс пен ашық пікір алмасуға жол ашты. Келушілер мамандармен тікелей тілдесіп, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Қатысушылар көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұсынылған экспозициялардың мазмұнды болғанын ерекше атап өтті.

«Бүгін бізге экскурсия ұйымдастырылып, құтқару операцияларына арналған жабдықтарды, арнайы үйретілген іздестіру иттерін көрсетті. Сондай-ақ биік қабаттан секірген адамдарды құтқаруға арналған «өмір кубы» таныстырылды, тіпті өзімізге де байқап көруге мүмкіндік берілді. Өте қызықты болды»

— Ангелина Никонова, Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің студенті

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар азаматтық қорғау саласының маңызын арттырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты