ЕГІС АЛҚАБЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ

Ұлытаулық диқандар егінге орақ салды. Облыс әкімі Есет Байкен – Ұлытау ауданындағы «Бекетай – Баба» шаруа қожалығына арнайы барып, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған семинарға қатысты...
Аймақ басшысы алдымен «Бекетай баба» шаруа қожалығының бүгінгі тынысымен танысты. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 21,3 мың гектарды құрайды. Оның 14,8 мың гектары – жайылым болса, 5 мың гектардан астам аумаққа бидай мен арпа егілген. Биыл шаруашылықтан 10-14 центнер өнім алу жоспарлануда.
Бұдан кейін Есет Байкен өңірдегі 30 ға жуық шаруа қожалығы жетекшілерімен жүздесті. Мұнда облыстың ауыл шаруашылығы бағытындағы әлеуеті кеңінен талқыланды.
Иә, өңір экономикасын әртараптандырудағы маңызды сала –ауыл шаруашылығы. Фермерлер өз шаруашылықтарының жұмысы, кездесетін мәселелер мен алдағы жоспарлары туралы айтты.
Жиын барысында қаржы институттары мен агросалаға қолдау көрсетіп жүрген компания өкілдері мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Аталған бағытта облыста «Жайлау», «Игілік», «Береке» сынды бірқатар бағдарлама жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ жиында мал шаруашылығы үшін жемшөп базасын нығайту, егін алқаптарының өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


