ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІНЕ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Электр желілерін жаңғырту жұмыстары - өңір инфрақұрылымын дамытудың басым бағыттарының бірі. Аталған ретте, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті - «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» ЖШС қарасты стратегиялық нысандарда баспасөз турын өткізді. Іс-шара барысында 2026–2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылу барысы мен атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды.
Бүгінде «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» қарамағындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 7 мың 767 шақырымнан асады. Электр энергиясы 51 қосалқы станция арқылы таратылады. Пресс-турдың алғашқы нысаны - Борсеңгір ауылындағы 220/110/10 киловольттық қосалқы станция. Нысан мұнай құбыры, «Шұбаркөл» көмір разрезі, «ҚазАвтоПром», «Қарақайың-1», «Қарақайың-2» және теміржол инфрақұрылымы сияқты маңызды өндірістік нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
«Биыл 220 киловольттық ашық тарату құрылғысы жаңғыртылып, ондағы айырғыштар ауыстырылды. Енді 220 киловольттық кернеу трансформаторларын жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар 110 киловольттық ашық тарату құрылғысы жаңғыртылып, басқару шкафтары мен айырғыштар жаңасына ауыстырылады. Барлық жабдық жаңартылғаннан кейін құрылғы порталдары сырланады»
— Өмірбек Жылыбаев, «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» ЖШС бас директоры
Инвестициялық бағдарлама аясында Борсеңгір қосалқы станциясындағы 220 киловольттық үш ажыратқыш жиынтығы жаңасына ауыстырылды. Қазір мұнда өзге де жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл станцияның сенімділігін арттырып, маңызды нысандарды тұрақты электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.
Пресс-турдың келесі нысаны - Жезқазғандағы «Городская» қосалқы станциясы. Мұнда да негізгі жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізілген. 110/35/10 киловольттық қосалқы станцияда 110 киловольттық екі ажыратқыш жиынтығы ауыстырылды. Сонымен қатар 10/0,4 киловольттық сегіз трансформаторлық қосалқы станция жаңартылды. Мұндай жұмыстар электр желілерінің тозуын азайтып, жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Желілерді жаңғыртумен қатар кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы да жаңаруда. Биыл 11 автокөлік пен арнайы техника сатып алынды. Үшінші реттеуші кезеңде 28 қосалқы станцияны жаңғырту, 8 трансформаторлық қосалқы станцияны ауыстыру жоспарланған. Сонымен бірге 577 тірек пен 119,83 шақырым электр желісі жаңартылады. Бағдарламаға 5 миллиард 337 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Негізгі мақсат - желілердің сенімділігін арттырып, тұтынушыларды тұрақты электр энергиясымен қамту.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


