ЕЛІМІЗДЕ БІРҚАТАР ШАЙ ТҮРІН САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Елімізде бірқатар шай түрлерін әкелуге және сатуға тыйым салынды. Бұл талап Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2026 жылғы 5 қаңтардағы қаулысына сәйкес енгізілді. Қаулы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген бақылау сатып алу мен зертханалық сараптама қорытындылары негізінде қабылданған.
Тексеру барысында кейбір шай өнімдерінің Кеден одағының техникалық регламенттері мен ұлттық санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, қара шай құрамынан шай өнімдерінде қолдануға рұқсат етілмеген тағамдық бояғыштар - сары «Күн батуы» (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) табылған. Санитарлық талаптарға сәйкес, бұл қоспаларды шай өндіруде пайдалануға қатаң тыйым салынған.
Бұдан бөлек, кейбір шай қаптамаларында шай өндірісінің мекенжайлары көрсетілмеген немесе мекенжайы расталмағаны анықталды. Бұл өндірушілердің тиісті рұқсат құжаттарының жоқ екенін білдіреді. Уақытша санитарлық шараларды енгізу туралы толық ақпарат Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында жарияланған. Мамандар тұрғындарды тек қауіпсіздігі расталған өнімдерді тұтынуға шақырады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


