ЕЛОРДАЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ЖЕЗҚАЗҒАНДА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Өңірде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері өтті. Екі күн ішінде елордалық медициналық орталықтың жетекші мамандары Жезқазғандағы Облыстық көпсалалы ауруханада тұрғындарды тегін қабылдап, күрделі оталар жасады. Сонымен қатар өңір дәрігерлеріне шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Елордадан келген мамандардың бұл сапары ең алдымен тұрғындарға қажетті медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік берді. Осы күндері кардиохирург, кәсіптік патолог, хирург-онколог, аритмолог және басқа да бейінді дәрігерлер тұрғындарды қабылдады. Ал күрделі оталар кезінде омыртқаға нейронавигация көмегімен операция жасалып, қан тамырларына стент қойылды. Сондай-ақ бүйрек пен тізе буынына оталар жасалды.
Мамандардың жұмысы науқастарды қабылдап, ота жасаумен ғана аяқталған жоқ. Олар жергілікті дәрігерлерге күрделі оталардың әдісін тәжірибе жүзінде көрсетіп, ота барысында шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар нақты медициналық жағдайларды бірге талдап, медицина қызметкерлеріне арналған семинарлар мен таныстырылымдар ұйымдастырды. Кездесулерде сепсис, кардиохирургия, ядролық медицина, қан тамырларын емдеу және оңалту сияқты бірқатар өзекті бағыттар талқыланды.
«Ұлытау облысының ауруханасымен жасалған меморандум аясында шеберлік сағатын өткізу үшін келдік. Мен және спиналдық нейрохирург Ардақ Қашыбекұлы бірге жұмыс істейміз. Шеберлік сағаты кезінде бірнеше күрделі ота жасаймыз. Атап айтқанда, қан тамырларындағы бітелуді эндоваскулярлық әдіспен жоямыз. Омыртқа артериясына ота жасаймыз. Сондай-ақ омыртқаны бекіту және диск жарығын алып тастау бойынша операциялар жүргіземіз»»
— Талғат Ермеков, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирург дәрігері
«Бүгін біз тізе буынына артроскопиялық ота жасап жатырмыз. Сонымен қатар алдыңғы айқас байламға пластикалық операция жасаймыз. Бұл – күрделі әрі ерекше ота. Ұлытау өңірінде мұндай операция алғаш рет жасалып отыр. Жергілікті дәрігерлерді осы әдіске үйретеміз. Алдағы уақытта олар мұндай отаны өздері жасай алады»»
— Асқар Баймұхаметов, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының травматолог-ортопеді
Медициналық орталықтың өңірлерге сапарының негізгі мақсаты – мамандандырылған көмекті тұрғындарға жақындату және жергілікті дәрігерлердің тәжірибесін толықтыру. Айта кетейік, Ұлытау облысы - жыл басынан бері Қазақстанда Медициналық орталық күндері ұйымдастырылған сегізінші өңір.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


