ЕҢБЕК КҮНІНЕ ОРАЙ

Жезқазған қаласындағы Отбасы институтын қолдау орталығында Еңбек күніне орай балаларға арналған шығармашылық шара ұйымдастырылды. Психолог маманның жетекшілігімен өткен арт-терапиялық тренингте балалар қиялдарына қанат бітіріп, еркін тақырыпта көркем суреттер салды.
Балалар үшін сурет салу – жай ғана шығармашылық жұмыс емес. Бұл олардың көңіл күйін білдіріп, ішкі сезімдерін сыртқа шығарудың бір тәсілі. Тренинг барысында қатысушылар түрлі түстерді таңдап, өз қиялындағы бейнелерді қағаз бетіне түсірді. Психолог маман әр баланың жұмысына жеке көңіл бөліп, эмоцияларын тануға бағыт берді.
«Тренингтің негізгі мақсаты балаларға өз эмоцияларын танып, оларды дұрыс жеткізуге көмектесу. Балалр кейде өз сезімдерін сөзбен айтып, жеткізе алмайды. Ал, сурет салу, бояу, шығармашылық тапсырмалар арқылы бала өзінің ішкі күйін еркін көрсете алады. Осындай жұмыстар баланың ішкі сезімін реттеп, өзіне деген сенімділігін арттыруға, қиялын дамытуға және басқа балалармен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Біз үшін, ең маңыздысы –әр бала өзін қауіпсіз, еркін әрі қабылдаған ортада өзін сезінуі маңызды. Өйткені әр баланың эмоциясы маңызды»
— Сандуғаш Маратқызы, психолог
Орталықтың негізгі міндеті – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету. Мұнда тұрғындар әлеуметтік, заңгерлік және психологиялық көмек ала алады. Сондай-ақ мамандар отбасылық мәселелердің алдын алып, қажет жағдайда мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
«Біздің қаламызда осындай Отбасын қолдау орталығының ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл – отбасылар үшін үлкен қолдау деп ойлаймын. Мұнда кез келген уақытта заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмекке тегін жүгіне аламыз. Ең бастысы, орталық мамандары әр келген адамды жылы қабылдап, мәселесін шешуге барынша көмектесуге дайын. Сонымен қатар, орталықта балалар мен отбасыларға арналған осындай түрлі мерекелік шаралар, байқаулар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бүгінгі шараға біз де қатысып отырмыз. Балам сурет байқауына қатысып жатыр, бұл біз үшін ерекше қуаныш. Орталық мамандарына еңбектері үшін үлкен алғыс айтамыз»
— Кристина Немыкина, ата-ана
Айта кетейік, аталған орталық биылғы жылдың сәуір айынан өз жұмысын бастады. Содан бері мамандар 160 отбасына түрлі бағытта көмек көрсеткен. Оның ішінде заңгерлік кеңес беру, психологиялық қолдау және әлеуметтік сүйемелдеу бар. Мұнда «FSM Social» бағдарламасы аясында да отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


