ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ СЕКТОРДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР

Өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында электр, жылу, су және кәріз жүйелерін жаңартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымның тиімділігі артып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түспек.
Жобаларға жұмсалатын қаржының жалпы көлемі - 34,9 миллиард теңге. Оның 16,2 миллиард теңгесі Жезқазғанға, 18,4 миллиард теңгесі Сәтбаевқа, ал 264 миллион теңгесі Қаражалға бағытталмақ. Биыл электрмен жабдықтау саласында жалпы құны 321,9 миллион теңге болатын үш жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар құны 2,96 миллиард теңге болатын тағы екі жоба қарастырылған.
«Қазіргі уақытта негізгі назар жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтауға, МЭКС платформасында қажетті рәсімдерден өтуге, сондай-ақ қаржыландыру мен сатып алу мәселелеріне аударылып отыр. Барлық жұмыс тұрақты бақылауда. Басты міндет - жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету және жоспарланған жобалардың барлығын уақытылы жүзеге асыру»
— Роза Момышева, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының м.а
Облыста 4 қазаннан бастап 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталды. Бүгінде өңірдегі негізгі жылу нысандары қысқы кезеңге толықтай дайын. Қажетті отын қоры да жасақталған.
«Жезқазған жылу электр орталығында жылыту маусымына дайындық бекітілген жөндеу кестесіне сәйкес жүргізілді. Биыл жылу орталығы маусымды жеті қазандық агрегаты және төрт турбоагрегатпен бастап отыр. Жалпы станцияда 8 қазандық пен 5 турбина бар. Қазір №6 және №11 қазандықтарға күрделі жөндеу толық аяқталды. Сонымен қатар төрт қазандық пен төрт турбина ағымдағы жөндеуден өтті. Ал №9 қазандықтың жөндеу жұмыстарын 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр»
— Роза Момышева, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының м.а
Сәтбаев қаласындағы №1 жылу станциясында 1 қазанда №3 қазандықтың газ құбырына күрделі жөндеу аяқталды. Төрт қазандықтың үшеуі ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Сәтбаев қаласының жылу энергетика кәсіпорнында коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғырту аясында екі жоба қолға алынбақ. Қазір жобалар қаржыландыру кезеңінде.
Бұдан бөлек, Сәтбаев жылу,сумен жабдықтау кәсіпорны жылу және кәріз желілерін жаңартуды, сорғы станцияларын жаңғырту жұмыстарын қолға алмақ. Сонымен бірге автоматтандырылған есеп жүйелері енгізіліп, жеке үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер есептеу құралдарымен жабдықталады. 2027-2028 жылдарға жоспарланған жобалардың жалпы құны 8 миллиард 634 миллион 596 мың теңге.
Жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен іске асқан сайын өңірдегі коммуналдық инфрақұрылым да жаңара түспек. Нәтижесінде жылу, су және кәріз жүйелерінің жұмысы жақсарып, тұтынылатын ресурстарды есепке алу мүмкіндігі кеңейеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


