Жаңалықтар

ЕРТЕҢ РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕСІ

ЕРТЕҢ  РОЖДЕСТВО МЕРЕКЕСІ

Ертең христиан әлемінің басты мерекесі Рождество басталады. Қазақстанда да бұл мерекеге дайындық жүріп жатыр. Себебі, еліміз сан ұлт пен дін өкілі бейбіт қатар өмір сүретін көпконфессиялы мемлекет.Адамдарға жақсылық тілеп, мейірімділік таныту, бірін-бірі кешіру - Рождествоның мән-мағынасы.

Тарихты парақтасақ, ұлық мереке осыдан 2000 жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнінен басталған. Міне, содан бері христиандар қаңтардың 6-нан 7-не қараған түнін діни мереке санайды. Рождество түнінде шамдар жарқыратып жағылады, шырша безендіріліп, мерекелік халық әндері айтылады.

«Жыл сайын шіркеуде Рождество мерекесі аталып өтіледі Христиандар үшін бұл ең басты мереке. Елімізде рухани келісім, дінаралық тұрақтылық пен толеранттылық өз жемісін беруде. Ертең шіркеуде арнайы рәсім болады. Алда келе жатқан қасиетті күндері әрқайсымыз дұға етейік.Бүкіл әлемге бейбітшілік, халқымызға бірлік тілейік.Келер жыл әрбіріміз үшін игі істерге толы болсын деп тырысайық»

— Игумен Онисим, Әулие Апостол Андрей Первозванный шіркеуінің діни қызметкері

Діни жоралғылары бойынша, олар, Иса пайғамбардың дүниеге келген күні шіркеуде болып, Жаратқанға мінәжат қылады. Жүректеріндегі арман-мұраттарын жеткізеді.

«Сіздерді және жақындарыңызды шын жүректен Рождество мерекесімен құттықтаймын. Рождество өзіңізді жақсы жаққа өзгертудің, жаңа бастамаларды бастаудың, реніштерді кешірудің, игі істерді жасаудың тағы бір мүмкіндігі»

— Игумен Онисим, Әулие Апостол Андрей Первозванный шіркеуінің діни қызметкері

Конфессияаралық келісім, дінаралық татулық елімізде өз биігінен түскен емес. Бұл діни мерекенің де бірліктегі тірлікті дамытуға себі мол екені анық. Рождество болашаққа деген үмітті нығайтатын мейрам. Сондықтан, барша православтықтар бір-біріне жылы сөздерін айтады, мерекелік дастарқан жаю да осы күнгі жақсы дәстүр.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты