Жаңалықтар

ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС ҚИМЫЛ КҮШЕЙТІЛУДЕ

ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС ҚИМЫЛ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Облыс әкімдігінде нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Штаб отырысында заңсыз айналымның жолын кесу, интернет арқылы есірткі таратуға тосқауыл қою және жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейту мәселелері қаралды.

Ұлытау облысында есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде 63 есірткі құқық бұзушылығы тіркелген. Құқық қорғау органдарының үйлестіруімен есірткі жеткізу және өткізу арналарына бағытталған жедел іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жыл басынан бері Жезқазған қаласында да «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Өндіріс орындарында, білім беру ұйымдарында және жастар арасында 43 ақпараттық-түсіндіру шарасы өтіп, оған 1300-ге жуық адам қатысқан. Жастардың құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинарда есірткіге қарсы іс-қимыл мен дропперлік мәселелері де көтерілді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы профилактикалық шаралар жалғаспақ.

Өңірде профилактикалық жұмыстар мемлекеттік органдармен қатар жастар ресурстық орталықтары, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп жүргізілуде. 2026 жылы нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 155-ке жуық шара өткізіліп, 5 мыңға жуық адам қамтылды. Олардың қатарында жастар кездесулері, форумдар, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулар бар. Ал «Есірткісіз Қазақстан» бағыты бойынша жыл басынан бері 25 рейд, 10 акция және 10 семинар өткізілген.

Отырыс соңында облыс әкімі Есет Байкен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы ақпараттық және қоғамдық жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды. Әсіресе, оқушыларды, қоғам белсенділері мен жастар көшбасшыларын тарта отырып, бірлескен акциялар санын арттыруға және әлеуметтік желілердегі профилактикалық жарияланымдарды көбейтуге басымдық беру қажеттігін айтты.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты