ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ БАЙҚАУ ӨТТІ

«Менің таңдауым-есірткісіз өмір».Ұлытау облысының полиция департаменті осындай атаумен мектеп оқушылары арасында байқау ұйымдастырды. Қатысушылардан мағыналы әрі сапалы бейнеролик пен сурет әзірлеу арқылы есірткінің адамға тигізер зиянын ашып көрсету талап етілді.
Аталған бастама «Заң мен тәртіп» қағидатына сүйене отырып өткізілді. Басты мақсат – жастарға ой салу, оларды жаңсақ басудан абай болуға шақыру және дұрыс бағытқа жетелеу. Бейнероликтер байқауында облыс мектептерінен 20-ға жуық жұмыс келіп түсті. Ал сурет сайысында 30 дан астам туынды ұсынылды. Қазылар алқасы жұмыстардың мазмұнына, креативтілігіне және әлеуметтік маңыздылығына мән берді.
Жалпы, үздік шыққан қатысушыларға марапаттар табысталып, сыйлықтар берілді. Ең бастысы олар есірткінің зиянын терең түсініп, оны өз жұмыстарында көрсете білді.
Қазіргі таңда елімізде интернет сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы синтетикалық есірткі заттарының таралуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Балалардың мұндай теріс әрекеттерге бой алдырмауына жол бермеу қажет. Сондықтан мамандар бұл бағыттағы алдын алу шараларының маңызы зор екенін айтады.
Ұйымдастырушылар есірткіге қарсы осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынан жеткізді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


