Жаңалықтар

ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЕКПІН АЛДЫ

ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЕКПІН АЛДЫ

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Дастан Рыспековтың төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегікомиссиясының кезекті отырысы өтті. Айдана Базарбайқызы кеңірек тарқатады...

Жиында алдымен алдағы нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған ауқымды науқанның дайындық барысы талқыланды. Аталған науқан - 25 мамыр мен 26 маусым аралығына жоспарлануда. Осы уақыт ішінде өңірде салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақ. Облыс әкімі Дастан Рыспеков жұмысты сапалы жүргізіп, қатысушылар аудиториясын кеңінен қамтуды тапсырды.

Сонымен қатар, елімізде іске асырылып жатқан 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы кешенді жоспар аясында өңірде жүйелі профилактикалық және жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.Ағымдағы кезеңнің қорытындысы бойынша облыс аумағында 28 есірткі қылмысы анықталып отыр.

Айта кету керек, есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында өңірде 422 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 19 мыңнан астам адам қамтылған. Сондай-ақ 2599 интернет-ресурс бұғаттауға жолданған, олардың 50-ден астамында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған. Жиын қорытындысында облыс әкімі барлық бағыттағы жұмысты күшейтіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты