Жаңалықтар

ЭТНОМЕДИАЦИЯ БОЙЫНША СЕМИНАР ТРЕНИНГ

ЭТНОМЕДИАЦИЯ БОЙЫНША СЕМИНАР ТРЕНИНГ

Жезқазған қаласы әкімдігінде «Этносаралық қатынастар мәдениеті және қақтығыстардың алдын алу әдістері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Жиында қоғамдық келісімді нығайту, өзара түсіністік пен диалог мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ этномедиация тәсілдерін іс жүзінде қолдану жолдары талқыланды.

Семинарға мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, медиаторлар, қоғамдық келісім саласының мамандары, сондай-ақ жастар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Негізгі мақсат - этносаралық қарым-қатынас мәдениетін жетілдіру, жанжалдың алдын алу және туындаған келіспеушіліктерді өзара түсіністік арқылы шешудің тиімді жолдарын үйрету.

«Еліміздің әр өңірінде болған нақты жағдайларға бейнеталдау жасадық. Оларды қатысушылармен бірге кезең-кезеңімен саралап, көпшілік алдында сөйлеу, жанжалға бейім адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, агрессивті топтармен байланыс жасау дағдыларын жетілдіруге бағытталған ұсынымдар бердік. Сонымен қатар жанжалдың түрлері, оның туындауына әсер ететін себептер және шиеленісті жағдайларды талдау жолдары түсіндірілді»

— Әсет Абжақов, Республикалық этномедиация кеңесінің мүшесі

Тренинг барысында қатысушылар қоғамдық ортада жиі кездесетін түрлі жағдайларды талқылап, оларды ушықтырмай шешудің тиімді тәсілдерін қарастырды. Әсіресе жанжалға бейім адамдармен дұрыс жұмыс істеу, шиеленістің өршуіне жол бермеу және күрделі жағдайларда медиация тәсілдерін қолдану мәселелеріне басымдық берілді.

«Бұл бағытта семинарлар бізде үш жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін Мұхтар Адаев спикер ретінде қатысып, түрлі жағдайларды мысалға келтірді. Жалпы, этносаралық қатынастарға байланысты жанжалдардың алдын алу жолдарын білу өте маңызды. Өйткені туындаған мәселені шешкеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді»

— Әсем Асанханова, Ұлытау облысы Азаматтық альянсының төрайымы

Кездесуде көпэтносты қоғамдағы өзара сыйластық пен ашық диалогтың маңызына да ерекше назар аударылды. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері ортақ қоғамда татулық пен келісімде өмір сүріп келеді. Сондықтан өзара құрмет пен сенімді нығайту, кез келген мәселені диалог арқылы шешу - қоғамдық тұрақтылықтың маңызды негізі. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты