ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев келді. Ведомство басшысы сапар барысында аймақтағы геологиялық барлау жұмыстарының барысымен танысты. Негізгі мақсат – еліміздің геологиялық зерттелу деңгейін арттырып, минералдық-шикізат базасын толықтыру.
Биыл геологиялық барлау жұмыстары мемлекет үшін стратегиялық бағыттардың бірі ретінде қайта айқындалды. 2026 жылы 1:50 000 масштабында жүргізілетін екінші буындағы мемлекеттік геологиялық барлау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2026–2028 жылдарға компаниялар бірлестігі құрылып, оған 110 миллиард теңге бөлінді. Жұмыстарды «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамы ұйымдастырады.
«Бүгін біз аэрогеофизикалық жұмыстардың ұшақтар мен заманауи дрондардың көмегімен жүргізіліп жатқанын көрдік. Сондай-ақ карталау бұрғылауына арналған қондырғының жұмысымен таныстық. Жалпы міндет – жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының барлығын сақтау. Ең бастысы – сапалы геологиялық ақпарат алу»
— Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл үш жылға арналған бағдарлама басталды. Жұмысты аэрогеофизикалық зерттеулерден бастадық. Қазір аэрогеофизикалық жұмыстардың 80 пайызын аяқтадық, қалғаны – 20 пайыз. )»
— Ғалым Нұржанов, «Қазақмыс Барлау» компаниясының бас директоры
Бағдарламаға «Қазақмыс Барлау» компаниясы да қатысады. Компанияның геологиялық барлау жұмыстары Ұлытау және Абай облыстарын қамтиды.
«Қазіргі уақытта біз Ұлытау аумағында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоба аясында үш учаскеде зерттеу жүргіземіз. Бірінші учаскедегі жұмыстар толық аяқталды, қалған екі учаске де аяқталуға жақын. Ұлытау аумағы мыс кен орындары мен мыс белгілеріне бай екені белгілі. Сондықтан бұл учаскелер геологиялық зерттеу және кешенді зерделеу үшін өте перспективалы»
— Дмитрий Инкин, геолог
Сапар барысында Ерсайын Нағаспаевқа заманауи технологиялар мен техникалық мүмкіндіктер де таныстырылды. Мамандар геологиялық зерттеу кезінде алынған мәліметтерді өңдеу, саралау және перспективалы аумақтарды анықтау тәсілдерін көрсетті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


