Жаңалықтар

ГРЕК РИМ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

ГРЕК РИМ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Облыс орталығында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен өндіріс ардагері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Маткеновты еске алуға арналған республикалық турнир өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас балуандар екі күн бойы боз кілемде бақ сынады.

Дәстүрлі турнирге Қазақстанның 10 облысынан келген 250 спортшы қатысты. 2010-2015 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарыс тартысты белдесулерге толы болды. Қатысушылар техникалық шеберлігі мен физикалық дайындығын көрсетіп, жеңіс жолында барын салды. Іріктеу кезеңдерінің нәтижесінде ақтық сынға үздік 22 балуан жолдама алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты - жастар арасында грек-рим күресін дамыту және өңірлердегі талантты спортшыларға қолдау көрсету. Жарыс барысында жас балуандар өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдады. Турнирде топ жарғандардың бірі - Санжар Бақыт. Ол күреспен тоғыз жылдан астам уақыт айналысып келеді. Жас спортшы бұл жолғы додада жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Дәстүрлі дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, еліміздің әр өңірінен келген балуандар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға да мүмкіндік берді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты