«ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ 2026» ОБЛЫСТЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Ғылым және Болашақ - 2026» облыстық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған іс-шараға жоғары оқу орындарының басшылары, қоғам белсенділері, колледж және университет студенттері, магистранттар мен жас зерттеушілер қатысты.
Ғылыми конференция алаңында қоғамдық-гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, жаратылыстану және техникалық-инженерлік бағыттар бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар экономика, құқық, білім беру, медицина, робототехника, информатика және жасанды интеллект салаларындағы зерттеулері мен жобаларын таныстырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде ғылымға қызығатын жастардың қатары артып келеді. Сондықтан өңірде жас зерттеушілерді қолдау мен олардың ғылыми ізденістеріне жағдай жасау басты бағыттардың біріне айналған.
Конференцияда 30-дан астам ғылыми мақала ұсынылды. Пленарлық отырыста Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер кеңінен қозғалды. Жиында дарынды оқушыларды ғылымға баулу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазір облыста еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнымен меморандум жасалып, тәжірибелі ғалымдар мен университет оқытушылары оқушыларды ғылыми жобаларға дайындауға атсалысып жатыр.
«0280 / Біздің оқушыларымыз биылғы оқу жылында өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Республикалық деңгейде,халықаралық деңгейде. Әсіресе 2 мен 7 сынып оқушыларына арналған Зерде деп аталатын республикалық жарысында 80пайыздық көрсеткіш көрсетіп, біз алғы орын алған облыстардың бірі болып тіркеліп отырмыз.Мектептегі мұғалімдер ең алғашқы қадам жасап жатыр,бірақ та ғылым бойынша үлкен жетістікке жету үшін әрине сол ғылым саласында жүрген маманның қолтаңбасы өте қатты қажет. Сондықтан да ғылым кандидаттарының алдында білім алған осы біздің оқушыларымыз,болашақ ғалым ретінді біздің облысымыздың дамуына өз үлесін қосады деген ойдамын»
— Руслан Төлен, «Ұлытау дарыны» орталығының директоры
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік ғылыми мақалалар арнайы жинаққа енгізіліп, ISBN нөмірімен жарияланады. Бұл жас зерттеушілердің еңбектерін ғылыми ортаға танытуға мүмкіндік бермек. Іс-шара соңында конференцияның қорытынды қарары қабылданып, барлық қатысушылар мен баяндама авторларына арнайы сертификаттар табысталды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


