Жаңалықтар

ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ МЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ МЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Жезқазған қаласында Халықтар достығы мен мәдениет үйін күрделі жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 1977 жылы салынған ғимарат жарты ғасырға жуық уақыт ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Бұған дейін тек ағымдағы жөндеу жүргізілген нысан бүгінде заман талабына сай қайта жаңартылуда. Жұмыстардың барысымен «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері және азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» өңірлік кеңесінің өкілдері танысты.

Күрделі жөндеу Ұлытау облысының 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында және «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Жобаға бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Көшпелі отырыс барысында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Берік Әбен қатысушыларға жөндеу жұмыстарының қазіргі кезеңі туралы ақпарат берді. Халық қалаулылары ғимаратты аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасын бағалап, олардың уақытылы орындалуына қатысты пікір алмасты.

Қазіргі таңда төрт қабатты ғимаратта 38 маман еңбек етуде. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 60 адамға дейін көбейеді. Жөндеу жұмыстарын «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Депутаттар халықтар достығы мен мәдениет үйінің өңір үшін маңызын атап өтіп, нысандағы жұмыстар тұрақты түрде партиялық бақылауда болатынын жеткізді.

Жобаға сәйкес концерт залы толық жаңартылмайды. Дегенмен есіктер, көрермен орындықтары мен жылыту жүйесі ауыстырылады. Ал еденді жаңарту мен қабырғаларды әрлеу жұмыстарын мердігерлер өз қаражаты есебінен жүргізбек. Сахна 2017 жылы жөндеуден өткен. Халықтар достығы мен мәдениет үйінің қайта жаңғыруы қаланың мәдени өміріне тың серпін беріп, тұрғындар мен қала қонақтары үшін заманауи мәдени орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты