Жаңалықтар

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА

Өңірде электр желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл «Kazakhmys Distribution» кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасына 1 миллиард 449 миллион теңгеден астам қаржыға 31 іс-шара енгізілген. Жоба электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

Бағдарлама аясында қосалқы станциялардағы жабдықтар жаңартылып, трансформаторлар ауыстырылуда. Электр желілерін күрделі жөндеу, есептеу құралдарын орнату және кәсіпорынның техникалық мүмкіндігін күшейту де жоспарға енген. Оның ішінде Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы 6/0,4 киловольттық әуе желілерінің 2,71 шақырымын жөндеу қарастырылған.

«0736 перевод: Инвестициялық бағдарламамыздың негізгі мақсаты – қолданыстағы ескірген жабдықтарды жаңғырту. Сонымен қатар электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды көздейміз. Бүгінде жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі орындалып жатыр. Шығынды азайту мақсатында көптеген жұмысты кәсіпорын өз күшімен атқаруда. Маймен толтырылған жабдықтар элегазды құрылғыларға ауыстырылып, қорғаныс терминалдары заманауи цифрлық жүйелермен жаңартылуда. Автокөлік паркі де толықтырылып жатыр»

— Анатолий Кравчук, «Kazakhmys Distribution» ЖШС электр желілері кәсіпорнының директоры

Бүгінде инвестициялық бағдарлама бойынша 478 миллион 341 мың теңгенің жұмысы орындалған. Атап айтқанда, 57 ші кен орны ауданындағы қосалқы станцияда трансформатор ауыстырылды. Жезқазған мен Сәтбаевтағы бірқатар нысанда электр жабдықтары жаңартылды.

«0736 перевод: Биыл бір «Газель» автокөлігі сатып алынды. Ол жедел қызмет мамандарына арналған. Көлік апаттық ажырату болған жағдайда ақаудың себебін жылдам анықтап, оны жоюға мүмкіндік береді. Автокөлік толық жетекті болғандықтан, қала аумағынан тыс орналасқан нысандарға да жетуге болады. Әсіресе қыс және көктем мезгілінде бұл өте маңызды»

— Анатолий Кравчук, «Kazakhmys Distribution» ЖШС электр желілері кәсіпорнының директоры

Жаңғырту жұмыстары электр энергиясын есепке алу жүйесін жаңартуды да қамтиды. Сәтбаев қаласының тұрмыстық секторына электр энергиясы туралы деректерді қашықтан беретін 5 мың есептеу құралы сатып алынған.

Жаңартылған жабдықтар электр желілерінің техникалық жағдайын жақсартып, апаттық ажыратулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал бұл, ең алдымен, тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің тұрақтылығына әсер етеді.

Баспасөз-туры барысында инвестициялық бағдарлама аясында жаңартылған нысандардың нақты жағдайы да тексерілді. Солардың бірі – Жезқазғандағы электр желілері жүйесі. Қаладағы 91 және 93-орамдарға қызмет көрсететін нысандарда трансформаторлар ауыстырылған. Жаңа жабдықтар электр желілерінің жүктемесін көтеруге және тұтынушыларды тұрақты қуатпен қамтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында электр желілерін, қосалқы станцияларды және есептеу құралдарын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты