«КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ

Облыс орталығында «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясындағы кезекті оқу курсы аяқталды. Оқыту облыс әкімдігінің қолдауымен және Ұлытау облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтті.
Кейтеринг бағытындағы курсқа 25 қатысушы тіркеліп, өз кәсібін дамытуға қажетті практикалық білім алды. Оқу барысында қатысушылар кейтерингтік бизнесті ұйымдастырудың негізгі қырларын меңгерген. Атап айтқанда, өнімнің өзіндік құнын есептеу, жеңіл тағамдар әзірлеу, дастарханды заманауи үлгіде безендіру және түрлі іс-шараларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша тәжірибе жинақтады.
«Бұл курстар облыстық әкімдігінің қолдауымен, бюджеттен ақша бөлініп, өткізіліп жатыр. Тек 3 облыста қолдау алды. Кәсіпкер әйел, Кәсіпке бағыт жобасы бойынша біз әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша, мобилография, массаж сияқты курстарды оқыттық. Оның бәрі сұраныс бойынша дайындалған. Салалық кеңестер бойынша талдадық»
— Гүлмира Каженова, Ұлытау облысы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы
Айта кетейік, «Кәсіпкер әйел» жобасы республикада үш өңірде жемісті жүзеге асырылуда. Ұлытау облысында жоба аясында барлығы 8 бағыт бойынша оқу өткізу жоспарланған. Бүгінде оның жетеуі аяқталды.
«Мен бұл курс туралы Атамекеннің инстаграм парақшасынан көрдім. Ол жерде шарты жазылып тұрды. Атамекенге барып, тіркелдім. Бұл курста теория мен практика қатар жүрді. Маған бұл жерде ұнағаны сен тек кондитерлік бағытта білім алмайсың, кәсібіңді қалай жүргізу керек, сол туралы да көп ақпарат алдық»
— Айнагүл Төлекбаева, «Кәсіпкер әйел» бағдарламасының қатысушысы
Курс қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай оқулар әйелдердің кәсіпкерлік дағдыларын жетілдіріп, жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді дейді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


