Жаңалықтар

КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Облыста кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинар өтті. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылған жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті мәселелер мен бизнес құқықтарын қорғау тақырыбы кеңінен талқыланды. Іс-щараға кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен қатар, Ұлытау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары және Жезқазған қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты - шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарын кеңінен түсіндіріп, кәсіпкерлік ортадағы құқықбұзушылықтардың алдын алу. Мамандардың айтуынша, кейінгі уақытта құқықтық дауларды шешуде медиация тәсілі тиімділігін дәлелдеп келеді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы даулы мәселелерді сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы шешуге мүмкіндік береді.

Семинарда мемлекеттік сатып алу шарттарын орындау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлерге келісімшарт талаптарын сақтамаудың салдары түсіндіріліп, заң алдындағы жауапкершілік жайы айтылды.

Жиын соңында қатысушылар мұндай ашық диалог алаңдарының бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланысты нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай кездесулер тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты