Жаңалықтар

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевтың төрағалығымен - өңір кәсіпкерлерімен жүздесу жиыны өтті. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті қолдау шаралары мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тетіктері талқыланды.

Шараға өңірдің бизнес қауымдастығының өкілдері, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласының мамандары, сондай-ақ Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен тоқталып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін көтерді.

Кездесу барысында шағын және орта бизнеске инвестиция салу мәселесі басты тақырыптардың бірі болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция 260 миллиард теңгені құрап, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен асып түсті. Биыл да оң динамика сақталуда. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін 431 миллиард теңге көлемінде 15 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ауылдық аймақтарды қолдау, білім беру орталықтарын дамыту, жастар кәсіпкерлігін қолдау, әуе қатынасы, гранттар мен реновация бағдарламасы сияқты өзекті мәселелер аясында ұсыныстарын ортаға салды... Облыс әкімінің орынбасары Нұртас Қаріпбаев кәсіпкерлермен тұрақты кездесулер ашық диалогқа, негізгі проблемаларды анықтауға және бизнес пен билік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты