КӘСІПОРЫННЫҢ МЕРЕЙЛІ БЕЛЕСІ

Жезқазған қаласының тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі – шаруашылық ауыз су технологиялық имараты биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы кәсіпорын қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтып, суды тазарту мен тұтынушыларға жеткізу жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді.
Алпыс жылдық тарихы бар кәсіпорынның мерейтойына арналған салтанатты шараға – шаруашылық ауыз су технологиялық имаратының қазіргі қызметкерлері мен сала ардагерлері, қала басшылығы және еңбек ұжымының өкілдері қатысты. Бұл – бір ғана кәсіпорынның емес, Жезқазғандағы су жүйесінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан бірнеше буынның еңбегін ұлықтаған маңызды шара болды.
Мерейтой аясында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіпорынның тұрақты жұмысына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер марапатталды. Еңбегі еленген мамандарға Жезқазған қаласы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар салаға сіңірген еңбегі үшін бірқатар қызметкер ведомстволық наградаларға ие болды.
«Гидроцехта 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Еңбек жолымды шаруашылық-ауызсу қызметінің механигі болып бастадым. Осы уақыт ішінде қызметтік өсудің барлық кезеңінен өтіп, бүгінде гидроцех басшысы қызметін атқарып жүргеніме бір жыл болды.Бүгін «Еңбек одағы» төсбелгісімен марапатталдым. Бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі» атағын алып, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің III дәрежесімен де марапатталғанмын. Қала басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Олар біздің жұмысымызды үнемі назарда ұстап, қолдау көрсетіп келеді. Бүгін біздің қызметкерлердің еңбегі еленіп, марапатқа ие болғанымызға қуаныштымын»
— Абдулхамит Жабасов, «Еңбек озаты» төсбелгісінің иегері
Шаруашылық ауыз су технологиялық имаратының алпыс жылдық тарихы – бірнеше буын маманының маңдай терімен қалыптасқан еңбек шежіресі. Осы жылдар ішінде кәсіпорын қаланың су шаруашылығы саласының ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде кәсіпорын ұжымы қалыптасқан дәстүрді жалғастырып, Жезқазған тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жолындағы жауапты жұмысын абыроймен атқарып келеді.
ЕРКЕНАЗ ҚОРДАБАЙ, Медетхан Кенжалиев
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


