Жаңалықтар

KENGIR» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

KENGIR» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ұлытау облыстық филиалы ғимаратында салалық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында «KENGIR» тұрғын үй кешенінің құрылыс жобасы ресми түрде таныстырылып,қатысушыларға кешеннің жалпы жоспары мен негізгі тұжырымдамасы ұсынылды.

Бизнес-класс санатындағы «KENGIR» тұрғын үй кешені Кеңгір су қоймасының жағалауында бой көтеруде. Жоба орналасқан аумақ болашақ тұрғындар үшін өте қолайлы. Себебі жақын маңда мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар бар. Таныстырылым барысында кешеннің заманауи сәулеттік шешімдері, пәтерлердің ішкі жоспарлануы және құрылысқа қолданылатын материалдардың сапасы көрсетілді.

Жоба аясында 160 пәтерге арналған 5 тұрғын үй блогын салу жоспарланған. Тұрғын үйлердің биіктігі 6 және 8 қабат болады. Ал пәтерлердегі төбе биіктігі 2,85 метрді құрайды. Баспана ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған соң тапсырылады. Сонымен қатар тұрғындарға арналған жеке қойма бөлмелері де қарастырылған. Жобаны «Novella Realty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жиын барысында мамандар тұрғын үйді сатып алу тетіктері мен қолжетімді мүмкіндіктері жөнінде де ақпарат берді.

Жоспарға сәйкес, «KENGIR» тұрғын үй кешенінің алғашқы кезеңі 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Ал құрылыс жұмыстарының толық аяқталуы 2030 жылға жоспарланған.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты