КЕҢГІР ЖАҒАЛАУЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Жезқазғанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру және тазарту бойынша ауқымды сенбілік өтті.
Экологиялық акцияға 100-ге жуық ұйымнан 3000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында қала әкімі Қайрат Шайжанов, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдері, еріктілер, жастар, қоғам белсенділері және қала тұрғындары бар.
Кеңгір су қоймасы - Жезқазғандағы тұрғындар жиі демалатын табиғи орындардың бірі. Әсіресе жаз мезгілінде жағалауға келушілер қатары артады. Сондықтан бұл аумақта тазалықты сақтау - ортақ жауапкершілік.
«Біз осындай сенбіліктерге үнемі қатысамыз. Бүгін Кеңгір су қоймасының жағалауын тазалауға келдік. Тазалықты сақтау - әр адамның міндеті. Барша тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын»
— Бақыт Кәмірова, қала тұрғыны
Сенбілік барысында жағалау аумағы қоқыстан тазартылып, демалыс орнының ажары айшықтала түсті. Табиғи аумақтарды күтіп ұстау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


