КЕНШІЛЕР МЕН БАЙЫТУШЫЛАР КҮНІ 1

«Қазақмыс қазынасы!» Осындай атаумен Сәтбаев қаласында Кеншілер мен байытушылар күніне арналған салтанатты шара өтті.
Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайындағы салтанатты шараға сала еңбеккерлері мен ардагерлері, облыс әкімі Есет Байкен және «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы арнайы қатысты.
Иә, Кеншілер мен байытушылардың төккен тері - өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді...
«( Баршаңызды кәсіби мереке – Кеншілер және байытушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлытау – тарихы ежелгі дәуірлерден бастау алатын, кен өндіру мен металлургияның терең тамыры қалыптасқан қасиетті өңір. Ұлытау өңірі – қазақ даласындағы көне кеншілік дәстүр мен металлургия мәдениетінің алтын бесігі. Құрметті кеншілер! Сіздердің еңбектеріңіз – ел экономикасының берік тірегі. Жер астындағы күрделі әрі жауапты жұмыстарыңыздың артында мыңдаған отбасының әл-ауқаты, өңіріміздің тұрақты дамуы, мемлекетіміздің индустриялық қуаты тұр.)»
— Есет Байкен, Ұлытау облысының әкімі
«(Бүгін Кеншілер мен Байытушылардың еңбегін ұлықтайтын айрықша күн! Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біз бұл жерге – өндірістің ең басты күші, маңдай термен елдің қуатын арттырып жүрген еңбек иелерін құрметтеу үшін жиналдық!)»
— Нұрмұхамет Әбдібеков, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы
Бұл күнгі шараның негізгі ұсынған идеясы – «Қазақмыстың басты байлығы - адамдар» тақырыбында болды. Кәсіби мерекеге орай компанияға қарасты өндіріс ошақтарында еңбек ететін 300 ден астам жұмыскер мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік медальдармен марапатталды.
«(Менің шахтада жұмыс істегеніме биыл 25 жыл болады. Оқу орнын аяқтасымен, еңбек жолым шахтада басталды. Бүгін Кеншілер күнінде ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» марапатын алдым. Мереке баршамызға құтты болсын деймін!)»
— Алмас Қали, ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері
Сондай-ақ салтанатты жиында корпорация еңбеккерлері құрған «Ұлытау» қоғамдық қайырымдылық қоры атынан көпбалалы отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды...
«(Алланың қалауымен, «Ұлытау» қорының ұйытқы болуымен, Кеншілер мен Байытушылардың қолдауымен баспаналы болып отырмын. Әрине, қобалжудамын. Мен – көпбалалы әрі жалғызбасты анамын. Кеншілер мен Байытушыларды мерекелерімен құттықтаймын!)»
— Алтынай Атабаева, «Ұлытау» қайырымдылық қоры ұсынған баспана иесі
Іс шарада «Асу» дуэті мен Маржан Арапбаева бастаған қазақ эстрадасының белгілі өкілдері өнер көрсетті.
-(Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Қоғамдағы ең сыйлы адам – еңбек адамы», - деп үнемі айтып отырады. Бүгінгі мерекелік шарада осы сөз жарқын көрініс тапты!) Мұқағали Сейтқазы, Алихан Мұхтар, «ҰЛЫТАУ» телеарнасы.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


