КІТАП ОҚИТЫН ӘУЛЕТ – РУХАНИ ҰЛТТЫҢ НЕГІЗІ

Ұлттың рухани әлеуетін арттыруда кітап оқудың маңызы зор. Осы бағытта елімізде жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында облыс орталығында «Кітап оқитын әулет – рухани ұлттың негізі» атты кездесу өтті. Жиында кітап оқу мәдениетін отбасылық дәстүрге айналдыру, балаға кітап оқуда ата-ананың үлгі болуы және цифрлық дәуірдегі әдебиеттің орны сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Бүгінде республикалық жобаға облыс бойынша 11 мың адам тіркелген. Олардың қатарында отбасымен бірге кітап оқуды дәстүрге айналдырған 301 әулет бар. «Кітап оқитын әулет» бағыты аясындағы бұл кездесу де кітаптың отбасындағы орнын айқындап, ата-ана мен бала арасындағы ортақ оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Кітап оқу – баланың дүниетанымын кеңейтіп, сөздік қорын молайтумен қатар, ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Ал отбасымен бірге кітап оқу бұл әдетті тұрақты дәстүрге айналдыруға мүмкіндік береді. Кездесуде қатысушылар өздері оқыған шығармаларымен бөлісіп, кітаптың өміріндегі орны туралы ойларын ортаға салды.
«Мен үшін бұл марафонға тіркелу өте маңызды болды. Себебі қазіргі таңда күнделікті жұмыстың, басқа да тірліктің арасында кітап оқуға арнайы уақыт табу қиын болып жатады. Ал осы марафон маған кітап оқуға уақыт бөліп, өзіме пайдалы әдет қалыптастыруға жақсы мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне, менің жұмысым адамдармен қарым-қатынас жасаумен тікелей байланысты. Сондықтан үнемі ізденіп, жаңа дүниелер оқып, білімімді толықтырып отыру мен үшін өте маңызды. Осы марафон арқылы кітап оқуды күнделікті өмірімнің бір бөлігіне айналдырғым келеді»
— Орынгүл Садуақасова, «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысушысы
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырып қана қоймай, оны отбасы мүшелерін біріктіретін ортақ құндылық ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал кітап оқу дәстүрінің отбасында орнығуы – өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына жол ашады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


