КІТАПХАНАШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ

Ұлытау облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітапханашы – креатив шебері» атты облыстық байқау өтті. Шараның мақсаты – кітапхана мамандарының шығармашылық әлеуетін арттыру, инновациялық идеяларын қолдау және жасанды интеллект технологияларын кітапхана қызметінде тиімді пайдалануды насихаттау.
Байқауға облыстың кітапхана саласының мамандары қатысып, кәсіби шеберліктері мен тың бастамаларын ортаға салды. Қатысушылар кітапхана жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа тәсілдерін ұсынып, заманауи технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісті.
«Бұл байқауға 7 кітапханашы қатысып отыр. Жалпы, кітапханашы дегеніміз ол оқырмандарға білім мен рухани байлықты жеткізетін ерекше мамандық деп білемін. Бүгінгі байқауға қатушыларымыз өздерінің тың идеяларымен, креативті идеяларымен бөлісетін болады»
— Данагүл Алшымбаева, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы
Бүгінде кітапхана қызметі тек кітап қорын сақтап, оқырманға ұсынумен шектелмейді. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері ақпаратты қолжетімді етіп, оқырманмен байланысты жаңа деңгейге көтеруге жол ашып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, байқау кітапханашылардың тәжірибе алмасып, кәсіби ізденісін дамытуына ықпал етті.
«Әр кітапханашы өзінің ойында жүрген, көкейінде жүрген жобасын әзірлеп алып келді. Менің алып келген жобам – «Оқырман ойы». Түрлі саладағы оқырмандар бар, сол оқырмандардың ойлары кейде өздерімен кетіп жатады. Сол оқырмандардың ойын біз кітапханада подкаст ретінде әңгімеге тартып, сол оқырманның оқыған кітабын талқылаймыз»
— Айжамал Ходжакулиева, Сәтбаев қаласының Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана қызметкері
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар кітапхана саласына жаңа серпін беріп, оқырман мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік бермек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


