КІТАПХАНАШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстанда 23 сәуір - кітапхана қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.2026 жылдан бастап бұл күн Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен қатар атап өтіледі. Айтулы күнге орай Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, кітапханашыларға құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында кітапхана қызметкерлерінің еңбегі ерекше атап өтіліп, бірқатар сала мамандары облыс және қала әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Марапаттарды «Respublica» партиясының облыстық филиалы табыстап, кітапханашылардың қоғам дамуындағы маңызды рөлін айрықша атап өтті.
Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының кітапхана қоры 31 мыңнан астам кітапты қамтиды. Қордың толықтырылып, жүйелі дамуына кітапханашылар елеулі үлес қосып келеді. Олар тек кітаптарды сақтап, есепке алып қана қоймай, оқушылар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда «Оқитын ұлт» бастамасы аясында бірқатар жоба іске асырылып, соның ішінде «Балалар кітапханасы» мен «Оқуға құштар мектеп» бағдарламалары табысты жүзеге асуда.
Бүгінде аймақта 50-ден астам кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Онда 300-ге жуық маман еңбек етіп, өңірдің мәдени және зияткерлік құндылықтарын сақтауға әрі дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


