КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНА АРНАЛҒАН ЖИЫН

Жезқазған қаласының әкімдігінде -көпқабатты тұрғын үйлердің коммуналдық қызметтер бойынша берешегін өндіру мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Аслан Арынов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандары және кооператив өкілдері қатысты.
Аталған жиын барысында көпқабатты үйлер бойынша коммуналдық және күтіп ұстау қызметтеріне қатысты берешектің қазіргі жағдайы талқыланды. Сонымен қатар төлем жасамайтын тұрғындардың үлесі мен қарызды өтеу мәселесі қаралды. Айта кетейік, облыс орталығында 600 ден аса көпқабатты тұрғын үй бар, оларға 15 кооператив және 17 мүлік иелері бірлестігі қызмет көрсетеді.
«Бұл дөңгелек үстелдің мақсаты - қоғамдық кеңес пен жауапты ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту. Коммуналдық қызметтерді төлеудің нақты тәртібін қалыптастыру және төлем жасалмаған жағдайда қолданылатын шараларды анықтау болды. Біздің басқарушы компания бойынша бүгінгі берешек көлемі 101 миллион теңгені құрап отыр»
— Евгений Ковалев, «УК ЖКХ» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кооперативінің бас инженері
Сонымен қатар жиында борышкерлермен жұмыс істеу тетіктері кеңінен сөз болды. Бұл ретте - Тұрғын үй саласындағы ұйымдар халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Тұрғындарға коммуналдық қызметтерді төлеу тәртібі, тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ уақытылы төлем жасаудың алғышарттары түсіндіріледі.
«Қазіргі таңда «Алтай» кооперативі бойынша төлем деңгейі 50 пайыз ғана. 2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша жалпы берешек 46 962 896 теңгені құрайды. Оның ішінде эксплуатациялық қызметтер бойынша 37 192 258 теңге, жинақтаушы бойынша 7 743 155 теңге және басқа қызметтер бойынша 2 027 482 теңге бар»
— Күмісай Бегайдарова, «Алтай» кооперативібасшысы
Жиын қорытындысында қатысушылар коммуналдық төлемдерді жинау жұмысын күшейту және қызмет көрсетуші ұйымдардың ашықтығын арттыру бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ,АЙДОС ӨМІРЕКҰЛЫ «ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


