Жаңалықтар

КҮН ТӘРТІБІНДЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ

КҮН ТӘРТІБІНДЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Президент ұсынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының – Ұлытау облысындағы орындалу барысы аймақ басшылығының тікелей қадағалауында. Осы мақсатта Дастан Рыспековтың төрағалығымен кезекті жиын өтті...

Аталған жиында өңірде бұған дейін өткен жалпыоблыстық сенбіліктің қорытындысы шығарылды. Өткен сенбідегі тазалық жұмысына тұтас облыс бойынша барлық қала-аудандардан 380 ұжым қатысып, 5000-ға жуық тұрғын белсенділік танытқан. Алайда, аймақ басшысының салаға жауапты орынбасарының айтуынша сенбілік барысында орын алған олқылықтар да жоқ емес...

«(Өкінішке қарай, кей мекемелер сенбілікке бекітілген уақыттан кеш шығады. Сонымен қатар Жекелеген мекемелер тарапынан өз аумақтарын жинау сапасыз жүргізілген. Сенбілікке мемлекеттік ұйымдар ғана емес, жеке кәсіпорындар да белсенді қатысу қажет. Алдағы жалпыоблыстық сенбілікте мұндай жағдайлардың қайталанбауын қадағалауға аламыз.)»

— Алмаз Ыдырысов, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары

Аймақ басшысы тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеді. Себебі, тазалық – жиналған жерден бұрын, қоқыс қалдықтары орынсыз шашылмаған жерде болады...

«(Әр қалада және әр ауданда тазалық жұмыстарына байланысты әлеуметтік желіде жеке чат құру қажет. Қоқыс қалдықтары жиналмаған және орынсыз шашылып жатқан жер сол тікелей чатқа жіберіліп, салаға жауапты мамандар шұғыл әрекет ету керек. Аталған чатты қалалық және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылары бақылауда ұстасын.)»

— Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі

Бұдан бөлек жиын барысында алдағы туристік маусым кезеңі де талқыланды. Өңір басшысы туристік нысандар аумағының тазалығын назарда ұстауды тапсырды. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде 18 сәуірде жаппай ағаш отырғызу күні, ал, 25 сәуірге «Мөлдір бұлақ» жобасы жоспарлануда.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты