МӘМС 2026 ЖЫЛҒЫ ЖАРНАЛАР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары ең төменгі жалақыға негізделіп есептелетінін хабарлады. 2026 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өзгермей, 85 мың теңге болып қалады. Соған сәйкес, жарна көлемі де бұрынғы деңгейде сақталады.Биыл жұмыс берушілер қызметкер табысының 3 пайызын, ал жұмыскерлер 2 пайызын аударады. Азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтіндер үшін де жарна мөлшері – табыстың 2 пайызы.Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар ай сайын 5 950 теңге, ал дербес төлеушілер 4 250 теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс.
2025 жылдың шілде айында қабылданған заң денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Осы мақсатта әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарналар кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Қазіргі таңда мемлекет жарнасының мөлшері 2 пайызды құрайды және бұл көрсеткіш 2026 жылы да сақталады.Бұл өзгерістер жеңілдік санатындағы тұрғындарға әсер етпейді. Олар бұрынғыдай автоматты түрде сақтандырылған болып қала береді.Айта кетейік, Ұлытау облысында 219 мыңнан астам тұрғын бар. Соның 127 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылған. Ал 2026 жылдың қаңтарынан бастап әл-ауқатының дағдарыс деңгейі бар D және E санатындағы азаматтар жергілікті әкімдіктер есебінен сақтандырылып, МӘМС аясында медициналық көмек ала алады. Бұл жаңашылдық облыстағы 5 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


