Жаңалықтар

МӘМС АЯСЫНДА 21 ТҰРҒЫНҒА ОТА ЖАСАЛДЫ

МӘМС АЯСЫНДА 21 ТҰРҒЫНҒА ОТА ЖАСАЛДЫ

Өңірде медицина саласында жаңа мүмкіндіктер артып келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді қызметтер қатарын таныстыру үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалы пресс-тур ұйымдастырды. Шара барысында журналистер Жезқазған қаласындағы медициналық орталықта енгізілген озық технологиялармен танысты.

2026 жылдың басынан бері бұл медициналық орталықта қан тамырлары ауруларын емдеудің жоғары технологиялық әдістері енгізілді. Бұрын тек ірі қалаларда ғана жасалатын күрделі оталар енді өңір тұрғындарына да қолжетімді. Атап айтқанда, төменгі аяқ пен ұйқы артерияларының атеросклерозын емдеу, аяқтағы варикозды лазерлік әдіспен түзету, жамбас мүшелерінің тамырларына эндоваскулярлық эмболизация жасау сияқты процедуралар қолданысқа енгізілген. Бұл әдістердің ерекшелігі – олар инвазивтілікті азайтумен қатар, науқастың тез сауығуына мүмкіндік береді. Пресс-тур кезінде елордадан арнайы шақырылған эндоваскулярлық хирург Евгений Мунның жетекшілігімен екі күнде облыстың 21 тұрғынына операция жасалды.

Бүгінде алғашқы пациенттер ем қабылдап, оңалту шараларынан өтуде. Солардың бірі – Жезқазған қаласының 50 жастағы тұрғыны Ақнұр Ибраева. Тұрғындар енді күрделі медициналық көмекті алу үшін басқа қалаға барудың қажеті жоқ дейді.

Жезқазған медицина орталығы алдағы уақытта жоғары заманауи технологиялармен жасалатын операциялар санын арттыруды және МӘМС жүйесі бойынша ем алатын пациенттер көлемін көбейтуді жоспарлап отыр.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты