МӘМС АЯСЫНДА АЗ ИНВАЗИВТІ ӘДІСПЕН ОТАЛАР ЖАСАЛДЫ

Ұлытау облысында медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында өңірде аз инвазивті әдіспен бірнеше күрделі операция жасалды.
Озық технологияларға негізделген ота түрлері қаладағы көпбейінді ауруханада жүзеге асты. Қарағандыдан келген жоғары санатты дәрігерлер бүйректегі өсіндіні, бүйрек, зәр шығару және өт жолдарындағы тастарды тіліксіз алу, сондай-ақ тік ішектегі көктамырлардың қабынуын лазерлік жолмен емдеу сияқты жоғары технологиялық оталар жасады.
Нәтижесінде 8 науқас көп жылдан бері мазалаған дертіне дауа тапты. Барлық хирургиялық араласулар ашық тіліксіз жүргізілді, бұл пациенттердің қалпына келуін жылдамдатып, асқыну қаупін төмендетеді. Алғашқы науқастар қажетті медициналық көмекті алып, дәрігерлердің бақылауымен оңалтудан өтіп жатыр.
«Мен Жезқазған қаласының тұрғынымын. Жеке кәсіпкермін. Әрине, барлық әлеуметтік төлемдерді қалдырмай ай сайын төлеп отырамын. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында Қарағандыдан келген дәрігерлерге ота жасаттым. Ота мен ойлағаннан да тез аяқталды. Дәрігерлерге алғысым шексіз»
— Владимир Чирик, емделуші
Сонымен қатар, өңір хирургтары да жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта да еліміздің алдыңғы қатарлы клиникаларының дәрігерлері арнайы келіп, тұрғындарға ем көрсетуді жалғастырады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


