МАҢЫЗЫ ЗОР МЕМОРАНДУМ

Жезқазған мыс балқыту зауытында соңғы онжылдықтардағы ең ауқымды жаңғырту жобаларының бірі басталмақ. «Қазақмыс» пен China National Chemical Engineering Company, яғни CNCEC тобы жаңа күкірт қышқылы цехын салу туралы келісімге қол қойды. Құны 213,76 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба кәсіпорынның экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Зауыттағы металлургиялық газдарды кәдеге жарату инфрақұрылымы 1970-жылдары іске қосылған. Енді ол толық жаңғыртылып, заманауи газ тазарту жабдықтары орнатылады. Жоба жүзеге асқанда технологиялық газдарды ұстау деңгейі 99 пайызға жетеді. Соның нәтижесінде күкірт диоксиді шығарындылары азайып, кәсіпорынның Жезқазған қаласына түсіретін экологиялық жүктемесі төмендейді.
Жаңа цех жылына 350 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы. Ал жаңартылған жүйе сағатына 300 мың қалыпты текше метрге дейін технологиялық газды өңдей алады. Жобаның бас мердігері ретінде Қазақстанда осындай нысандарды салу тәжірибесі бар CNCEC компаниялар тобы таңдалды.
Дайындық және жұмылдыру жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін басталады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 29 айға созылады. Жаңа цехты 2028 жылы алдын ала пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоба Жезқазған мыс балқыту зауытын ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасының негізгі кезеңдерінің бірі болмақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


