Жаңалықтар

«МАРКЕТПЛЕЙС» БАҒЫТЫ БОЙЫНША ОҚУ КУРСЫ АЯҚТАЛДЫ

«МАРКЕТПЛЕЙС» БАҒЫТЫ БОЙЫНША ОҚУ КУРСЫ АЯҚТАЛДЫ

Өңірде «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында өткен «Маркетплейс» бағыты бойынша оқу курсы аяқталды. Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен және облыс әкімдігінің қолдауымен өткен бағдарламаны 25 қатысушы тәмамдап, сертификатқа ие болды.

Бағдарлама барысында қатысушылар интернет арқылы сауда жасау алаңдарында жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, тауарды тиімді жарнамалау, сату жүйесін қалыптастыру, тұтынушылар сұранысын зерделеу және нарыққа сай ұсыныстар әзірлеуді үйренді. Тәжірибелік сабақтарды кәсіпкерлік саласының маманы Альмира Құсманова жүргізді.

Оқу курсы кәсіпкерлікті енді бастаған және өз ісін дамытып жүрген жандардың интернет арқылы сауда жасауға қажетті тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталды. Нәтижесінде қатысушылар электрондық сауданың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сауда көлемін арттыру және тұтынушылар қатарын көбейту жолдарын меңгерді.

Айта кетейік, Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі кәсіпкерлерді оқыту және олардың цифрлық білімін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Мұндай бастамалар өңірде шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, заманауи кәсіп жүргізу тәсілдерін кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты