МАУСЫМДЫҚ ИНФЕКЦИЯЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ

Ұлытау облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымына дайындық басталды. Өңірде аурудың таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстау мақсатында профилактикалық іс шаралар күшейтілуде.
Мамандардың айтуынша, қыркүйек айында жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтыру жағдайларының өсуі байқалған. Жыл басынан бері облыста вирус жұқтырғандар саны 20130-ға жеткен. Оның 10 227-сі – 14 жасқа толмаған балалар. Алдағы кезеңде негізгі назар - ауруды ерте анықтауға, инфекцияның таралуын болдырмауға және асқыну қаупін азайтуға бағытталмақ.
Маусымдық инфекциялардың алдын алуда вакцинацияның маңызы зор. 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусым қарсаңында облыс тұрғындарының 16,9 пайызын тұмауға қарсы иммундау жоспарланған. Мамандар бұл шара халық арасында иммундық қорғанысты қалыптастырып, тұмаудың таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ал 1 қазаннан бастап өңірдің медициналық ұйымдарында қызметкерлер үшін маска тағу тәртібі енгізіледі. Мекемелерді қажетті қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету үшін 98 мың медициналық маска сатып алынған. Білім беру ұйымдарында да санитариялық-профилактикалық шаралар күшейтіледі.
Еркеназ Қордабай, Алихан Мухтар, Ұлытау тв
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


