Жаңалықтар

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ ЖАЛҒАСУДА 3

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ ЖАЛҒАСУДА 3

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Аманжол Әлтай мен Ерболат Сатыбалдының өңірдегі жұмыс сапары жалғасуда. Аталған сапар аясында халық қалауылары - облыстық көпбейінді аурухана мен «Казтехфильтр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және жаңадан салынып жатқан спорт академиясында болды.

Аймақ медицинасы – өңірдегі өткір мәселелердің бірі. Сол себепті Мәжілісмендердің кезекті аралауы облыстық көпбейінді аурухана ұжымымен жүздесуден басталды. Мұнда медицина мекемесінің тыныс тіршілігі мен онкологиялық ахуалдың бүгінгі деңгейі жөнінде кеңінен айтылды.

Ал, депутаттар өз кезегінде Парламент қабырғасында қабылданған заңдармен таныстырып, дәрігерлерге деген қамқорлықтың ерекше екендігін жеткізді.

Өңірге өзге аймақтардан өткен 2025 жылы 45 білікті маман тартылған. Оларға мемлекеттік бағдарлама арқылы түрлі қолдаулар жасалуда. Сондай дәрігерлердің бірі: - Өмірзақ Камаладдин. Жас маман бүгінге онкологиялық қызметке жетекшілік етуде...

Жиыннан кейін депутаттар аурухананың материалдық-техникалық базасымен танысты. 1988 жылы салынған ғимаратта кейінгі жылдары бірқатар ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген...

Мәжіліс депутаттары облыс орталығындағы өндіріс орындарының жұмысын да назардан тыс қалдырмады. Осы мақсатта: «Казтехфильтр» ЖШС арнайы барды. Осыдан 12 жыл бұрын ашылған кәсіпорын үлкен техникаларға қажетті фильтрдің 300 түрін өндіреді. 50 ден аса қызметкер еңбек ететін мекеме – өнім көлемін ұлғайтпақ ниетте. Алайда, Ұлытау облысына жол құрылысына келіп жатқан шет елдік мердігер компаниялар – жергілікті кәсіпорындармен жұмыс істеуге құлықсыз дейді кәсіпорын басшылығы. Аталған мәселе бойынша халық қалаулыларына бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Кәсіпорын өкілдерінің мәселесін Мәжілісмендер жан-жақты саралап, Парламент деңгейінде көтеретіндіктерін айтты.

Облыста спорттық инфрақұрылымдардың бой көтеруі мен бұқаралық спортты дамытуға арналған бағдарламалар жүйелі жолға қойылған. Аталған бағытта жуырда пайдалануға берілетін нысандардың бірі: Жезқазғандағы балалар мен жасөспірімдердің спорт академиясы. Инвесторлар қаржысына салынған орталық келер аптадан бастап оқушылар қабылдамақ. Мектеп-интернат форматында жұмыс істейтін мекеменің дайындығын Ерболат Сатыбалды мен Аманжол Әлтай арнайы бағамдады.

Академияда мамандандырылған күрес және жаттығу залдары бар. Бұдан бөлек жасөспірімдер: гимнастика, волейбол, баскетбол және үстел теннисі секілді спорттың бірнеше түрімен шұғылдана алады. Академияға негізінен шалғай ауылдарда тұратын спортқа икемі бар жастар қабылданады. Қазірдің өзінде облысқа қарасты ауылдар мен көршілес Қостанай облысының Арқалық қаласынан 150-ден астам бала іріктелген. Мұнда оларға жатын орын, бірнеше мезгіл тамақ және спорттық киімдер тегін беріледі. Айта кетейік, Ұлытау облысы құрылғалы өңірде 50-ден астам нысан ашылған.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты