Жаңалықтар

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде Медицина қызметкері күні. Кәсіби мерекеге орай «Қазақмыс» корпорациясының сенімгерлік басқаруындағы Жезқазған қаласының Медициналық орталығында салтанатты шара ұйымдастырылып, денсаулық сақтау саласы мамандары марапатталды. Сонымен қатар, көп жылдан бері халық денсаулығын қорғау жолында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар медицина қызметкеріне баспана кілттері табысталды.

«Қазақмыс» корпорациясы өңірдің әлеуметтік саласын, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бүгінде Ұлытау облысының денсаулық сақтау саласында 4000-ға жуық медицина қызметкері еңбек етеді, олардың 900-ден астамы Жезқазған медициналық орталығында жұмыс істейді. Салтанат иелерін кәсіби мерекемен «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Мұқан Үңгітбаев құттықтады. Компания басшылығының атынан ол мамандарға жанқиярлық еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін алғыс білдірді. Үздік қызметкерлер «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне «Еңбек озаты» төсбелгілері мен Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттары табысталды.

Жезқазған медициналық орталығы облыстағы ең ірі емдеу мекемелерінің бірі болып табылады. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен мұнда медициналық жабдықтар жаңартылып, заманауи емдеу әдістері енгізіліп, медициналық көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейтілген. Орталық мамандары жыл сайын шамамен 5000 ота жасайды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты