МЕКТЕП ЛИГАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Жезқазғанда қалалық мектеп лигасының 2025-2026 оқу жылындағы спорттық маусымы мәреге жетті. Ашық аспан астындағы Ротонда алаңында өткен салтанатты шарада бір жыл бойы спорт сайыстарында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелей сында оза шапқан оқушылар марапатталды.
Биыл мектеп лигасына қаладағы 20 мектептен 4 мыңнан астам оқушы қатысқан. Жас спортшылар спорттың 11 түрі бойынша бақ сынаған. Оның қатарында: жеңіл атлетика, футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы және ұлттық ойындар бар. Мектеп лигасының басты мақсаты: оқушылар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жас таланттарды қолдау.
Іс-шараны Жезқазған қаласының білім бөлімі мен дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырды. Қала әкімінің атынан үздік командаларға, спортшыларға және жарыс ұйымдастырушыларына арнайы марапаттар табысталды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар мен дипломдар және медальдар берілді. Сонымен қатар дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне де құрмет көрсетілді. Спортқа құмар оқушылар жеңісті жолды жалғастыра береміз дейді.
Ұлттық мектеп лигасы - оқушылар арасындағы ең ауқымды спорттық жобалардың бірі. Бұл жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинап, болашақ үлкен додаларға жол ашуына мүмкіндік береді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


