Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ

Жезқазғанда Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтті. Салтанатты жиында сала ардагерлері мен үздік мамандарға құрмет көрсетілді. Бүгінде қалада 77 мемлекеттік қызметші ел игілігі жолында еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетуде.

Салтанатты кеш мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетуден басталды. Оларға естелік сыйлықтар табысталып, ел дамуы жолындағы адал еңбектері үшін алғыс айтылды. Мерекелік жиында сөз сөйлеген қала әкімі Қайрат Шайжанов мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін атап өтіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен қаланың өзекті мәселелерін шешуде қызметкерлердің еңбегі ерең екенін жеткізді.

Мерекелік жиында мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маманға Ұлытау облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, өз ісіне адалдығымен, кәсіби біліктілігімен және жоғары жауапкершілігімен ерекшеленген қызметкерлер арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Ал кештің басты марапаты - «Үздік мемлекеттік қызметші» аталымы қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Зухрап Даумбаевқа бұйырды. Мемлекеттік қызметте он алты жылдан астам еңбек етіп келе жатқан маман бұл марапатты үлкен жауапкершілік деп бағалайды.

«0201 / Жалпы мемлекеттік қызметке 2010 жылы Сәтбаев қаласында бастаған болатынмын.Сәтбаев қаласында сектор меңгерушісі,білім бөлімінде бастаған болатынмын.Содан Сәтбаев қаласының спорт бөлімінің басшысы болдым. Бүгінгі таңда Жезқазған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы жұмысын атқарып жатырмын.Жалпы мемлекеттік қызметте 16 жыл болды жұмыс атқарып жатқаныма.23 маусым мемлекеттік қызметшілер күні барлық әріптестерімді осы күнмен құттықтағым келеді. Отбастарына амандық, еліміз өсіп өне берсін»

— Зухрап Даумбаев, «Үздік мемлекеттік қызметші» аталымының иегері

«0203 / Кеңгір селолық әкімдігінде 2003 жылдан бері жұмыс атқарамын.Жас маман болып хатшы мамандығымен бастадым. Енді осы бүгінге дейін қызметте өстім, 23 жыл еңбек өтілім бар.Бұл мемлекеттік қызметті таңдау себебім халыққа өзімнен кішкентай ғана болса көмегім болсын, келген адамның мұң мұқтажын тыңдау үшін. Ауылдық жер болғандықтан тұрғындар әртүрлі мәселемен келеді. Сол титтей де болса да сол мәслеесін шешуге өз үлесімді қостым деп ойлаймын осы 23 жыл еңбек өтілімде»

— Дәмелі Дыбысова, «Үлгі тұтар мемлекеттік қызметші» аталымының иегері

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегі ұлықталған мерекелік кеш «Жезқазған» әнімен қорытындыланды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты