МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Өңірде тұрғындардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Қызмет алушылар күні» өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған шара кәсіпкерлік пен салық саласы бағыттарын қамтыды. Ашық форматтағы кездесу облыстың барлық қала-аудандарындағы цифрлық кеңселерде ұйымдастырылып, азаматтарға құқықтық әрі ақпараттық қолдау көрсетілді.
Кеңес беру алаңдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті, мемлекеттік кірістер органдары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты. Кездесу барысында тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, салықтық міндеттемелер, кәсіпкерлік қызметті тіркеу мен жүргізу жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар электронды қызметтерді пайдалану, декларация тапсыру, мемлекеттік жеңілдіктер мен онлайн платформалардың мүмкіндіктері таныстырылды.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшкен. Сондықтан халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру - уақыт талабы. Іс-шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандардан кеңес алып, мемлекеттік қызметтерді алу тетіктері жөнінде ақпарат алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық форматтағы кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да өңірде тұрғындарға құқықтық әрі ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жалғасын табады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


