Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ІРІКТЕУДІҢ ОНЛАЙН ЖҮЙЕСІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ІРІКТЕУДІҢ ОНЛАЙН ЖҮЙЕСІ

Мемлекеттік қызметке орналасу үдерісі цифрлық форматқа көшірілуде. Ұлытау облысында жыл басынан бері 17 қызметкер цифрлық іріктеу арқылы жұмысқа қабылданған. Жаңа жүйе үміткерлерге өтінім беруден бастап, конкурстың негізгі кезеңдеріне дейінгі рәсімдерді онлайн өтуге мүмкіндік береді.

Е-қызмет платформасы арқылы үміткерлер бос лауазымдар туралы ақпаратпен танысып, қойылатын талаптарды біле алады. Өтінім беру де электронды түрде жүзеге асады. Ал жүйе кандидаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексеріп, келесі кезеңге өтуге мүмкіндік береді.

«Цифрлық іріктеу жүйесін енгізудегі басты мақсаттардың бірі — конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл формат мемлекеттік қызметке кәсіби және білікті мамандарды іріктеуге және кадрлық резервтің сапалық құрамын түбегейлі жаңартуға жол ашады деп сенеміз. Біз үшін мемлекеттік қызметке өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен біліктілігі талапқа сай келетін мамандардың жұмысқа қабылдануы маңызды»

— Әділбек Есқараев, Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық департаментінің басшысы

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Өтінім берген үміткерлер алдымен біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша тексеріледі. Одан кейін тестілеу нәтижесіне қарай бес кандидат шешуші кезеңге жолдама алады. Соңғы кезеңде олар практикалық тапсырмаларды орындап, конкурстық комиссияның бағалауынан өтеді.

«Цифрлық формат конкурстық іріктеу рәсімдерін заманауи талаптарға сай жүргізуге мүмкіндік береді. Конкурстық іріктеу рәсімдері толықтай Е-қызмет платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл портал арқылы үміткерлер бос лауазымдар, қойылатын талаптар және конкурстық кезеңдер туралы қажетті ақпаратпен электрондық форматта таныса алады. Конкурсқа өтінім берген тек 5 үміткер ғана шешуші кезеңге жолдама алады. Ол 5 орын жеке қасиеттерді бағалау тестінің нәтижесіне қарай автоматты түрде іріктеледі.Содан кейін ақтық кезеңге өткен 5 үміткер конкурс барысында практикалық тапсырмаларды толтырып, жүйеге енгізеді. Комиссия мүшелері осы сүзгіден өткен кандидаттардың кәсіби құзыреттеріне қарай бағалайды»

— Нұршайық Марат, Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық департаменті персоналмен жұмыс істеу бөлімі басшысының м.а

Жүйенің тиімділігін – іс жүзінде қолданған мамандар да атап өтуде. Солардың бірі – Балнұр Еркінова. Ол электронды платформа арқылы мемлекеттік қызметке өтінім берген. Іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өтіп, бүгінде облыстық қазынашылық департаментінде қызмет атқарады.

«Мен осы қызметке e-қызмет ақпараттық жүйесі арқылы онлайн өтінім қалдырып, іріктеудің барлық кезеңінен қашықтықтан өттім. Басқа өңірден келген маман ретінде бұл жүйенің тиімділігін өз тәжірибемнен сезіндім. Онлайн формат уақытты үнемдеп, мемлекеттік қызметке орналасу үдерісін жеңіл әрі қолжетімді етті. Жаңа жүйе әсіресе жас мамандарға өз білімін көрсетіп, кәсіби жолын бастауға жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймын»

— Балнұр Еркінова, Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық департаменті әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маманы

Осылайша, цифрлық іріктеу мемлекеттік қызметке орналасу үдерісін жеңілдетіп, үміткерлерге конкурсқа қашықтан қатысуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта мұндай формат білікті мамандарды іріктеудің негізгі тетіктерінің біріне айналмақ.

Еркеназ Қордабай, Алихан Мұхтар, ULYTAU ТЕЛЕАРНАСЫ

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты