Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРДЫ

Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап елімізде мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңартылған тәртібі күшіне енді. Жаңа жүйе іріктеу процесін толық цифрландырып, конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Енді мемлекеттік қызметке үміткер азаматтар барлық кезеңнен онлайн форматта өте алады.

Жаңартылған тәртіпке сәйкес, кандидаттар конкурсқа қатысу үшін өтініштерін Е-қызмет порталы арқылы онлайн жолдайды. Іріктеу үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлер заңнаманы білуге арналған тестілеуден, одан кейін жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен өтеді. Әр кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен кандидаттар ғана келесі айналымға жіберіледі. Басшылық емес лауазымдарға үміткерлер практикалық тапсырмаларды орындау арқылы өз біліктілігін дәлелдейді.

Бүгінде Ұлытау облысы Әділет департаментінде жаңа тәртіп бойынша бірнеше маман мемлекеттік қызметке қабылданған. Солардың бірі - Ақерке Қалиева. Ол іріктеудің барлық кезеңінен онлайн форматта өту, конкурсқа қатысу процесінің жеңіл әрі қолжетімді екенін айтады.

Жаңартылған жүйенің басты артықшылығы - ашықтық пен әділдік. Бұрын конкурс рәсімдері бірнеше аптаға созылса, қазір іріктеу мерзімі орта есеппен 5-7 жұмыс күніне дейін қысқарған.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты