Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

Елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі жаңартылды. Биылғы 1 сәуірден бастап конкурс өткізу рәсімі толықтай цифрлық форматқа көшіп, іріктеудің барлық кезеңі онлайн жүзеге асырылады. Бұл өзгеріс конкурстың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Енді үміткерлер eqyzmet.gov.kz платформасы арқылы тіркеліп, мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен өтеді. Құжаттарды қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ. Біліктілік талаптарына сәйкестік жүйе арқылы автоматты түрде тексеріледі.

Жаңа тәртіп бойынша конкурсқа жеке қасиеттерді бағалау нәтижесінде ең жоғары ұпай жинаған бес кандидат қана жіберіледі. Басшылық лауазымдарға үміткерлер онлайн эссе жазып, бейнебайланыс арқылы әңгімелесуден өтсе, өзге әкімшілік лауазымдарға кандидаттар практикалық тапсырмаларды қашықтан орындайды. Барлық кезеңнің қорытындысы автоматты түрде есептеледі.

Тестілеу нәтижелері мен жеке қасиеттерді бағалау қорытындысы бір жыл бойы жарамды. Ал конкурстың барлық кезеңі орта есеппен бес-жеті жұмыс күнінде аяқталады. Жаңартылған жүйе мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеделдетіп, ашықтық пен объективтілікті арттыруға мүмкіндік береді. АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ «ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты