МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР

Облыс орталығында мемлекеттік қызметшілерге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау, қызметтік әдеп және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің профилатикасы мәселелері бойынша семинар өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинарға Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермахамбетов арнайы қатысты. Кездесу барысында заңнама талаптарын сақтау, қызметтік тәртіп пен кәсіби әдеп нормалары талқыланды. Сонымен қатар, мүдделер қақтығысының алдын алу, сыйлықтарды қабылдауға жол бермеу және қызметтік әдеп нормаларын, сақтау талаптары түсіндірілді.
Семинардың негізгі спикері - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлытау облысы бойынша филиалының өкілі Руслан Тоқатов. Ол мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жауапкершілік қағидаттарына тоқталып, заң талаптарын сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар нақты жағдайлардан мысалдар келтіріп, өзекті құқықтық мәселелер бойынша түсіндірме берді. Қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін арттырып, құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған. Заң талаптарын сақтау мен қызметтік әдепті ұстану - мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға деген қоғам сенімін арттыруға ықпал етеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


