Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ: ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ: ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ

Мемлекеттік тіл саясаты: ғылым және креативті индустрия. Аталған тақырыпта облыс орталығында республикалық семинар өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті басқармасының басшысы Қайыржан Рахымжанов, ғалымдар, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің өкілдері, ұлттық компаниялар, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын алдында қатысушылар назарына арнайы көрме ұсынылды.

Семинарда қазақ тілін дамытудың өзекті мәселелері мен оны жаңа кеңістіктерде қолданудың мүмкіндіктері талқыланды. Әсіресе ғылымдағы тіл қолданысын күшейту, терминологиялық қорды жетілдіру, цифрлық ортадағы әлеуетін арттыру және қазақтілді контенттің үлесін көбейтуге назар аударылды. Бұл бағытта Тіл саясаты комитеті бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырып келеді. Ал TED форматындағы алаңда Алматы, Астана, Көкшетау және Жезқазған қаласының спикерлері қазақ тілін заманауи үрдістерге бейімдеудің тың тәсілдері мен өзекті идеяларын ортаға салды.

Семинар аясында мемлекеттік тілдің дамуына және оның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан азаматтар Ұлытау облысы әкімінің және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан ведомстволық наградалармен марапатталды. Жиынға қатысушылар қазақ тілін ғылымда, цифрлық кеңістікте және шығармашылық индустрияда кеңінен қолданудың маңызын атап, бұл бағыттағы жұмысты жаңа мазмұнмен жалғастыру қажеттігін айтты.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты