НАУРЫЗНАМА ТАЗАРУ КҮНІ

Ұлытауда Наурызнама онкүндігі өз мәресіне жетіп, қорытындысы Тазару күнімен түйінделді. Осыған орай 23 наурызда өңірде ауқымды тазалық шаралары ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жаңа кезеңі бастау алды.
Тазару күні аясында таңғы уақыттан бастап өңір тұрғындары, еріктілер, еңбек ұжымдары мен мекеме қызметкерлері тазалық жұмыстарына белсене қатысты. Көшелер мен аулалар, қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, жаяу жүргіншілер жолы ретке келтірілді. Нәтижесінде қос қалада 22 гектар аумақ қамтылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Акцияға қатысқан облыс әкімі қоршаған ортаны қорғау - әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Тазару күні - тек тазалық шарасы ғана емес, жаңару мен жаңа бастамалардың белгісі. Мұндай шаралар қаланың көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырады.
«00494 ПЕРЕВОД: Мен бес жылдан бері экологиялық жобалармен айналысып келемін. Біз Республикалық деңгейде де жетістіктерге жеттік. Қазіргі уақытта үлкен экологиялық мәселелердің алдында тұрмыз. Сондықтан әрқайсымыз саналы тұтынушы болып, Жерімізге қамқорлықпен қарауымыз керек. Экологтар айтқандай, біздің планетамыз біреу ғана – басқа Жер жоқ. Сол үшін барымызды бағалап, табиғатты қорғап, осындай республикалық акцияларды қолдайық»
— Алмагүл Әнуарбекова, Ұлытау облысы әкімі аппаратының бас инспекторы
Қатысушылардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде өңірдің тазалығы мен көркі арта түсті. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


